06.05.2026
Бүгін біз үшін ерекше мақтаныш пен қуанышқа толы күн. 2026 жылғы 2–6 мамыр аралығында Астана қаласында 9–11 сынып оқушылары арасында қаржылық сауаттылық және қауіпсіздік бойынша республикалық олимпиаданың IV кезеңі өтті. Бұл беделді зияткерлік додаға еліміздің барлық өңірлерінен іріктелген 144 үздік оқушы қатысып, өздерінің жоғары білім деңгейі мен дайындықтарын дәлелдеді. Солардың қатарында Ақмола облысының намысын қорғап, мектебіміздің абыройын асқақтатқан 11 «В» сынып оқушысы Сейтқали Жалиль жүлделі 2-орынды иеленді! Бұл жай ғана жеңіс емес — бұл үлкен еңбектің, табандылықтың, мақсаткерліктің және білімге деген шынайы қызығушылықтың нәтижесі. Олимпиада қаржылық мәдениетті қалыптастыруға, сыни ойлауды дамытуға және қаржылық шешімдерді сауатты қабылдау дағдыларын жетілдіруге бағытталған. Біздің оқушымыз осы маңызды бағыттарда өз білімін жоғары деңгейде көрсете білді. Жетекшісі — Конкашева Дана Айткалиевнаға кәсібилігі мен қолдауы үшін ерекше алғысымызды білдіреміз. Сейтқали Жалильді лайықты жеңісімен құттықтай отырып, алдағы уақытта да толағай табыстар мен жаңа жетістіктер тілейміз!
